«№42 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мкемесінде 2023-2024 оқу жылын қорытындылау мақсатында «ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ ҰРПАҒЫНДА» тақырыбында ата-аналар жиналысы болып өтті. Жиналыс барысында мектеп директоры Абуова Меруерт Әбітайқызы 2023-2024 оқу жылына жоспарланған мектеп бюджетінің игерілуі туралы ата-аналарға есеп берді. Әрбір қаржының қандай спецификада қарастырылып, қайда, не мақсатта жоспарланған қаржы көрсеткішіне талдау жасады. Ата-аналар тарапынан асханаға, мектептегі көлік тасымалына, үйірме жұмыстарына, балалардың тамақтануы мен қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қойылып, көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салып, ұсыныс, пікірлерін білдірді. Сол сияқты күн тәртібі бойынша мектепте жазғы маусымда жоспарланып отырған «Жазғы мектеп», «Жазғы лагерь», «Жасыл ел», «Жасыл алаң», «Айбынды жаз» іс-шараларының жоспарлануымен таныстырып, балалардың жазғы қауіпсіздік шараларын күшейтуге ұсыныстар мен жаднамалар берілді.
Жиналыстың екінші бөлімінде ата-аналармен бірге: «Баланың ерке болу себебі неде?», «Баланы бақытсыз ететін 3 мәселе», «Баланың өзіне сенімін қалай тәрбиелейміз?», «Қырсық бала қайдан шығады?», «Балаға қандай жағдайда көмектеспеу керек?», «Бізді бала неге тыңдамайды?» деген тақырыптарда ой бөлісіп, тәжірибелі апалар жастарға ақыл айтып, психологтар тұжырымдамаларын ортаға салып, бейне роликтерден жағдаяттар талқыланды.
Жиналыс соңында мектеп басшысы мектептің іс-шараларына белсене қатысып, қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарымызға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар тапсырды.