Меню KDT

logo.jpg?_=1701936481
Астана қаласы №42 орта мектебі


+7 (7172) 24 84 05

Жаңа технологиялар

Жаңа педагогикалық технология

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Қазіргі ақпараттық қоғамда өндірістің дамуының негізгі құралы болып ақпараттық ресурстардың қажеттілігі көрінеді.  Сондықтан білім беру саласы да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдарға баруда. Осыған байланысты адамға ақпараттар кеңістігінде дұрыс бағытты таңдауға мүмкіндік жасай алатын оқытудың жаңа технологиялары пайда болуда.

Жаңа технология – педагогтың мүмкіндігін күшейтетін құрал, бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. Компьютер мүмкіндіктері психология мен дидактика тұрғысынан талданып, керек кезінде педагогикалық талаптарға сай қолданылуы керек.

Білім беру жүйесіндегі қайта құрулардың негізгі субъектісі – мұғалім. Қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалімдер қажет.

Компьютерді мұғалім қосымша материалдар, әртүрлі анықтамалық мәліметтерден ақпараттар беру үшін көрнекі құрал ретінде пайдала алады. Мұғалім ақпараттанушы емес, оқушының жекетұлғалық және интеллектуалды дамуын жобалаушы. Ал бұл мұғалімнен жоғары құзырлылықты, ұйымдастырушылық қабілеттілікті, оқушыларды қазіргі қоғамның түбегейлі өзгерістеріне лайық бейімдеу, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту бағыттарын талап етеді.

Жаңа ақпараттық технологиямен орындалатын қызмет өзінің кез келген нақты формасында тиімдірек орындалады, адам өркениетті бола бастайды.

Ұрпақ үшін кітаптың маңызы қандай болса, компьютерде оқушы үшін қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады. Олай болса барлық сабақтарды компьютерлердің қуаттануымен жүргізуді үйрену – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі.

Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалану өз білімін көтеру тиімділігін де арттырады. Бұл бірінші кезекте сандық түрде жазылған ақпараттарды пайдалану кезінде қажетті мәліметтерді оңай табуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде көптеген әлемге танымал энциклопедиялар, сөздіктер электронды түрге айналдырылған. Компьютердің көмегімен тек белгілі бір аудиторияларда ғана емес, сонымен бірге қашықтықтан оқыту үрдісі де дамып келе жатыр. Ол үшін Интернет желісіне қосылған компьютер керек. Қашықтықтан оқыту кезінде тапсырманы және онымен бірге ұсынылған оқулықтарды қарап отырып білім алғысы келетін адам өзі ізденіп, жауаптарын салып жібереді. Немесе бірлескен телеконференцияларға қатысады. Оқытудың бұл түрі анағұрлым арзан, әрі қалаған уақытыңда оқуыңа, тапсырмаларды орындауыңа мүмкіндік береді. Бұның бір мысалы ретінде 2007-2008 оқу жылының басында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен бірге өткізілген интерактивті сабақты айтуға болады.

Жаңа технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр.

Жаңа технология есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивтік құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді.

Оқушылардың жаңа технологиялар көмегімен қалыптасатын және жүзеге асырылатын ойлау қабілеті бұрынғы технологиялар арқылы берілетін ойлау жүйесінен өзгеше болатындықтан, тек ойлау қабілеті түсінігі ғана емес, жаңа жағдайда психикалық функциялардың басқа жақтары да қайта қарастырылуы тиіс. Осының бәрі жаңа ақпараттық және педагогикалық технологиялар жасау саласында, білім парадигмасын құруда тың инновациялық жұмыстар жүргізуді талап етеді. Компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға қолдану, білім мазмұнын анықтауда, оқыту формалары мен әдістерін жетілдіруде жақсы әсерін тигізеді.

Қорыта айтқанда, жаңа технологиялардың көмегімен оқушылардың білімін жетілдіру мен оқу сапасын арттыруға болады. Қай халықтың, қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани әрі мәдени дамуына басты ықпал жасайтын тірегі де, түп қазығы да – мектеп. Қазақ мектептерінің білім деңгейін көтеру және онда жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқу-тәрбие үрдісін тиісті деңгейге көтеру, педагогикалық ұжымның жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ғана жүзеге аспақ.

 

Президент Жолдауы

Директор блогы

Choose Color